ШЖҚ "№3 қалалық ауруханасы" МКК

Қазақстан, Шымкент, Амир Темур к-сі, 152
+7 (7252) 26 70 01
Жаңалықтар
Вернуться к списку |

Мың алғыс саған, дәрігер!

Адам баласы болған соң басың ауырып, балтырың сыздайды. «Дерт меңдеп, дауа іздегенде дәрігерге жүгінетініміз анық. Иә, ауру азабын тартқан сәтте ажалға араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз ғой. Мұндайда уайым кешкен жүрекке сабыр сыйлайтын, күдікті сейілтіп, үмітті қайта жандырып, аурудан айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын, жүрегі нұрлы ақ желеңді абзал жандарға қандай мақтау сөз айтсаңыз да артық етпейді. «Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Осы орайда Шымкент қалалық №3 аурухананың дәрігерлеріне алғыс айтуды жөн санап отырмын.

Биыл күзде дертіме дауа іздеп осы ауруханаға жатуыма тура келді. Ауруханаға түскен күннен жылылық сездім десем өтірік айтқандығым емес. Бас дәрігер Сәкен Пернебеков күн сайын палаталарды аралап, әр науқастың жағдайымен жеке-жеке танысып жүрді.

Дәрігерлердің барлығы өз ісінің майталман шеберлері екен. Ұйымдастырушылық пен жауапкершіліктері де жоғары деңгейде. Қызметкерлер науқастарға өздерінің туғанындай қарайды. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне мейіріммен қарайтын, өзгенің өмірі үшін күресіп, көңіл шуағын сыйлайтын дәрігерлердің жылы сөздерінен-ақ өзіңді үйде жақындарыңның қасында жүргендей сезінесің.

Мұнда қан қысымым көтеріліп, басым жиі ауырған соң келгенмін. Алғашқы күннен-ақ жағдайым жақсара бастады. Әсіресе, денсаулығымның түзелуіне жоғары санатты невролог маман Гүлжахан Бердалиеваның қосқан үлесі зор. Үш күннің ішінде әуелі Алла, одан кейін Гүлжахан Назымбекқызының арқасында аяққа тұрдым.

Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды осы бір денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздеп жатамыз. Қала тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген осындай ақ желеңді абзал жандарға біз де өз алғысымды жеткізгім келеді. Дәрігерлер, сіздерге мың алғыс!

Шарипа ӘБІЛДАҚЫЗЫ, қала тұрғыны.

Сұрақ қою Пікір қалдыру Емханаға қоңырау шалу